
苏鲁拜 伴奏
作词 : RunTask/苏鲁拜
作曲 : RunTask
Атымды Сұлубай деп әкем қойған,
Руым Жәнтекейдей ортаны ойған-ай.
Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай,
Сағындым қалған құрбымды-ай.
Жазықсыз жауым мені қойдың қамап,
Кетпейді бұл қорлығың әсте ойдан-ай.
Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім Сұлубай!
Астымда алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым сұрағанды бермедің ғой-ай.
Былғары белдік, бұраңбел,
Бұрылар ма екен біздің ел?!
Талпынып қанша қанат қаққанменен,
Қысқа жіп күрмеуіме келмедің ғой-ай.
Қайқая шапқан қарагер,
Қайрылар ма екен қайран ел?
Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,
Жігітке пайдасы жоқ уайымның-ай.
Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай,
Сағындым қалған құрбымды-ай.
Сан жердің дәмін таттым, суын іштім,
Білмеймін қайда аларын құдайымның-ай?!
Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім Сұлубай.
Қонаққа қой сояды лақ тұрып,
Құдықтан су ішпейді бұлақ тұрып-ай.
Былғары белдік, бұраңбел,
Бұрылар ма екен біздің ел?!
Сұлубай елін қимай, жерін қимай,
Қоштасқан әні осы жылап тұрып-ай.
Қайқая шапкан қарагер,
Қайрылар ма екен қайран ел?!